02:13, 06 Тамыз 2025 | GMT +5
ШҚО-да аю ауыл тұрғындарының мазасын қашырды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының тұрғындары аюдың ауыл іргесіне кіріп кеткенін айтып, дабыл қақты.

Глубокое ауданына қарасты Бобровка ауылының халқы елді мекен шетіне аю кіріп кеткенін жеткізді. Бұл «Нұртау» демалыс базасының маңы. Түз тағысы бірнеше омартаны бүлдірген.
Осыған байланысты «Орман және аңшылық шаруашылығы» ММ қызметкерлері сол жерге аттанды.
— Бүгін біздің қызметкерлер оқиға орнына жолға шықты. Қосымша мәлімет инспекторлар оралғаннан кейін белгілі болады, — деп хабарлады мекеменің жедел әрекет ету тобының баспасөз хатшысы Мақсат Шакиров.
Еске салсақ, осыған дейін Нидерландының Утрехт қаласының маңындағы табиғи саябақта қасқыр алты жастағы балаға шабуылдағаны хабарланған.