ШҚО-да айыппұлы төленбеген 110 көлік айып тұрағына қойылды
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында «Борышкер» жедел алдын алу шарасын жүргізді. 3 күн ішінде мемлекет бюджетіне 29 млн теңгеден астам қаражат өндірілген. Сондай-ақ жол ережесін бұзып, айыппұл төлемеген 110 адамның автокөлігі мамандандырылған тұраққа қойылды.
«Полицейлер Өскеменде Hyundai маркалы көлікті тізгіндеген Нұр-сұлтан қаласының 30 жастағы тұрғынын тоқтатты. Оның «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені камераларына тіркелген 8 айыппұлы бар болып шықты. Берешектің жалпы сомасы – 131 265 теңге», - деді ШҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ернар Базаров.
Барлық құқық бұзушылықтар ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабы (белгіленген қозғалыс жылдамдығын арттыру) бойынша жасалған. Осыған байланысты борышкердің көлігі айыппұлдарды толық өтегенге дейін мамандандырылған тұраққа қойылды.