ШҚО-да балалар ойыншықтарынан ағзаны улайтын заттар анықталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында осы жылдың басынан бері санитарлық дәрігерлер сауда саласында жүздеген тексеру жүргізіп, формальдегид қосылған балалар ойыншықтарын анықтады. 

ШҚО-да балалар ойыншықтарынан ағзаны улайтын заттар анықталды
Фото: pixabay.com

ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары биыл барлығы 497 тексеру жүргізді. Лабораториялық зерттеулердің нәтижесінде 133 жағдайда санитарлық талаптарға сай келмейтін өнімдер анықталған.

Зерттелген 301 азық-түлік үлгісі мен 196 тұрмыстық бұйымның үлгісінен заң бұзу тіркелді.

— Мұндай тексерулер қауіпті өнімді дер кезінде анықтап, айналымнан алып тастауға мүмкіндік береді. Біз тек іріктеп қана емес, барлық алынған үлгіге зертханалық сараптама жүргіземіз. Заңбұзушылық анықталған жағдайда жедел шаралар қабылдаймыз, — деді департамент басшысы Қанат Турдиев.

Анықталған заң бұзудың бірі — сүт өнімдерін фальсификациялау. Сараптама нәтижесі бойынша үш өнімнен май қышқылдарының құрамы белгіленген нормаларға сай келмеген. Бұл жағдайда сүттің орнына өсімдік майлары қолданылуы мүмкін.

Сондай-ақ балаларға арналған ойыншықтардан да қауіп анықталды. Халк кейіпкерінің ойыншығынан формальдегид мөлшері нормадан екі есе артық екені лабораториялық жолмен дәлелденді. Бұл зат ұзақ уақыт бойы әсер етсе, ағзаны улайды.

— Алты ай ішінде жалпы салмағы 52 келіден астам сапасыз өнім айналымнан алынды. Олардың жалпы құны 576 мың теңгеден асады. Бұл көлемнің 36,7 келісі — азық-түлік өнімдері, ал қалған бөлігі — ойыншықтар, косметика, қаптама материалдары мен киім-кешек.

Жыл басынан бері 47 әкімшілік тергеу басталып, 32 жоспардан тыс тексеру тағайындалған. Бұл тексерулер мекемелердің алдыңғы ескертулерді орындамауы себепті жүргізілген.

Еске салсақ, осыған дейін Петропавлда жасөспірім ойыншық винтовкамен көшеде жүргені хабарланған.

Соңғы жаңалықтар