ШҚО-да биыл 600 келіден астам есірткінің айналымға түсуіне тосқауыл қойылды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысының полицейлері заңсыз айналымға түсуге арналған 600 келіден астам есірткіні тәркіледі. Бұл тұтынушыларға жетуі мүмкін миллионға жуық бір реттік доза.

Атыраудағы түрмеге дронмен есірткі тектес зат пен насыбай кіргізбек болған
Фото: Видеодан скрин

ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, биыл өңірде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 242 қылмыс анықталған. Оның ішінде есірткі сату бойынша 116 дерек және есірткі жарнамасына қатысты 6 жағдай тіркелген. Сонымен қатар 13 жасырын фитозертхана мен синтетикалық есірткі өндіретін екі зертхана жойылды.

Ірі операциялардың бірі сәуір айында Глубокое ауданында жүргізілді. Тәртіп сақшылары оңтүстік өңірден келген азаматтар ұйымдастырған есірткі зертханасының жұмысын тоқтатты.

Заңсыз айналымнан 80 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді.

- Есірткі бизнесіне қарсы күрес интернет кеңістігінде де жалғасып жатыр. 779 есірткі сайты мен жалпы сомасы бір млрд теңгеден асатын 7 мыңнан астам шот бұғатталған. Құқық қорғау органдарына облыс тұрғындары да көмектесіп келеді. 2024 жылдың қараша айынан бастап өңірде есірткі бизнесіне қарсы күреске жәрдемдескен азаматтарды ынталандыруды көздейтін «Стоп-наркотик» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Биыл тұрғындардан түскен хабарламалардың нәтижесінде екі қылмыстық іс тіркелді, - делінген ақпаратта. 

Еске салсақ, бұған дейін Қызылордада есірткіге қатысты 67 дерек қызметтік иттердің көмегімен анықталғаны хабарланған.