ШҚО-да биыл кәсіпкерлердің құқығын бұзған 30 лауазымды тұлға жауапқа тартылды
Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері кәсіпкерлердің құқығын бұзған 30 лауазымды тұлға жауапқа тартылды, деп хабарлайды Kazinform.

Облыс прокуроры Алмат Байшолақовтың төрағалығымен кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі эксперттік кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда жыл көлемінде атқарылған жұмыстардың нәтижелері айтылды.
«2023 жылы 2,7 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалып, 30 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны және тексеру жүргізу тәртібін бұзғаны үшін мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қатысты 9 әкімшілік іс қозғалып, 22 заңсыз тексеру тоқтатылды. Мәселен, Өскемен қаласы әкімдігінен тасымалдаушы компанияларға 700 млн теңге субсидия, 350 кәсіпкер алдында мемлекеттік сатып алу бойынша 500 млн теңгеден астам берешек өтелді», - деп хабарлады ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.
Кеңесте талқыланған негізгі мәселе – астық жинауға әсер еткен ауа райының қолайсыздығына байланысты ауыл шаруашылығы саласындағы бизнес өкілдеріне қолдау көрсету. Ұлан, Глубокое, Шемонаиха, Алтай аудандарында және Риддер қаласында шаруалар айтарлықтай шығынға ұшыраған. Себебі егістіктерде қолда бар дақылдың жартысынан көбі қалып қойған.
«Эксперттік кеңес осы жағдайдан шығу жолдарын әзірлеп, шаруа қожалықтарын қолдау бойынша жоспарланған шараларды сөз етті. Күн тәртібіндегі тағы бір өзекті тақырып – жергілікті атқарушы органдардың бос жер учаскелері бойынша аукциондар өткізу мерзімдерін бұзуы. Бұл іске асыруға болжанатын бизнес жобаларының бұзылуына әкеп соқтырады. Уақтылы өткізілмеген аукциондар бойынша прокуратура қадағалау актілерін енгізді, кінәлі мемлекеттік қызметшілер әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - делінген ақпаратта.