ШҚО-да биыл құқығы бұзылған тұтынушыларға 37 млн теңге қайтарылды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері құқығы бұзылған тұтынушыларға 37 млн теңге қайтарылды.

деньги, ақша, тенге, банк
Фото: pexels

ШҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметіне сүйенсек, биыл азаматтардан 1149 өтініш келіп түсті. Өңір тұрғындары көбіне бөлшек сауда саласындағы заңбұзушылықтарға, атап айтқанда сапасыз тауарлардың сатылуына, тауарды қайтару және айырбастау кезіндегі қиындықтарға, тұрмыстық қызметтердің сапасыз көрсетілуіне шағымданған.

- Сонымен қатар электронды саудаға қатысты өтініштер санының артқаны байқалады. Тауардың сипаттамасына сәйкес келмеуі мен жеткізудің кешіктірілуі ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Жалпы жыл басынан бері құқығы бұзылған тұтынушыларға 37 млн теңге қайтарылды, - дейді департамент басшысы Асхат Сағидолдин.

Тұтынушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында 37 тексеру жүргізіліп, соның нәтижесінде 841 мың теңге сомасына 18 әкімшілік айыппұл салынған. Сондай-ақ 22 нұсқама мен 2 ескерту берілді.

- Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылауға ерекше көңіл бөлінген. Биыл 182 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 2 млн теңгеден асты. Заңбұзушылықтар көбіне Өскемен қаласында, Ұлан және Шемонаиха аудандарында анықталды, - дейді А.Сағидолдин.

Еске салсақ, осыған дейін БҚО-да азық-түлік бағасын негізсіз көтерген 177 кәсіпкер жауапқа тартылғаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар