ШҚО-да бір жылда 370 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында былтыр 374 мың адам әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 44 мыңға өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО-да бір жылда 370 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қоғамдық орындарда мас күйде жүрген 23 800 адам, тыныштықты бұзғаны үшін 6 500 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Қоғамдық орындарда темекі шеккені үшін 3700, ұсақ бұзақылық жасаған 1 600 адам заң шеңберінде жазаланған.

Сондай-ақ полиция қызметкерлері 2 мың мас жүргізушіні, жолдың қарсы бағытына шығып кеткен 700 және жаяу жүргіншілерге жол бермеген 5200 жүргізушіні анықтаған. Бұдан бөлек, өткен жылы бекітілген жылдамдықты асырғаны үшін 76 мың жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Полицейлер бірінші кезекте облыс аумағында жол-көлік оқиғаларын азайтуды мақсат етуде. Қабылданған шаралар жол апаттарының санын төмендетуге оң әсерін тигізуде. Мәселен, 2020 жылы бұл көрсеткіш 27%-ға азайып отыр. ЖКО-да қаза тапқан адамдар саны 29%-ға (154-тен 109-ға), жарақат алғандар саны 28%-ға (1827-ден 1308-ге дейін) төмендеген», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Әкімшілік айыппұлдардың өндірілу көрсеткіші – 74%-ды құрайды. Нәтижесінде облыс бюджетіне екі миллиард теңге түскен.