ШҚО-да биыл Аягөз қаласынан Ақсуат ауылына дейінгі жол учаскесі сынды бірқатар жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек

Атап өткенде, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановқа 2016 жылғы мемлекеттік сатып алулар жоспарын құрып, келісу үшін енгізу тапсырмасы берілген. Аймақ басшысы жоспарды құру кезінде биылғы жылы «Өскемен-Семей» күре жолы учаскесі, Осинов асуының және Көгілдір шығанаққа дейінгі асфальт төсемі, Аягөз қаласынан бастап, Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылына дейінгі жол учаскесі, облыс орталығынан бастап Сибин көлдеріне дейінгі жол, Шемонаиха қаласынан бастап, Ресей Федерациясымен шекараға дейінгі жолда орташа жөндеу жұмыстарының басталуы мен аяқталуын есепке алу қажет екенін атап өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариковқа жол-құрылыс жұмыстарының жоспарын дайындаумен бірге тұрғын үйлер және әлеуметтік-мәдени-тұрмыстық нысандарды енгізу кестесін құру тапсырмасы берілді. Бұл мәселеде құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуына ерекше көңіл аударылуы тиіс. Сондай-ақ, инфрақұрылым нысандарын салу жоспары дайындалуы керек. Әкімнің орынбасары Дүйсенғазы Мұсинге тұрғындардан сүт сатып алу жұмысын қолға алу, Үржар ауданында құс фабрикасын салу жобасын іске асыру, балық саласын дамыту бойынша шаралар жоспарын іске асыру тапсырмалары берілді.
Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың алдына Қытай Халық Республикасы Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық өлкесіндегі Жоғарғы оқу орындарының студенттерімен тәжірибе алмасу бағдарламасын іске асыру және Қытайдан туристерді тарту бойынша ұсыныстар енгізу міндеті қойылды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.