ШҚО-да боранда адасып, үсіп қалған адамның қазіргі жағдайы қалай
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланған Күршім ауданында боранда адасып, денесін үсік шалған ер адам ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр.

Маралды ауылдық округінде атпен келе жатып, қарлы боранда адасып қалған екі адамның бірі көз жұмып, екіншісінің аяғы үсіп кеткені хабарланған.
Сол азаматтың жағдайын білу үшін ШҚО Денсаулық сақтау басқармасына хабарласқан едік.
«Кеше ол санитарлық авиациямен Өскеменге жеткізілді. Авиация бригадасының құрамында реаниматолог Александр Патрин мен фельдшер Лариса Величко болған. Науқас облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың жансақтау және интенсивті терапия бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайы бірқалыпты. Денесінің бірнеше бөлігін үсік шалған. Дәрігерлер оған тиісті көмек көрсетіп жатыр», — дейді басқарманың баспасөз хатшысы Әсем Қайратбек.