ШҚО-да Бұқтырма жағалауында маусымдық құтқарушылар бекеті ашылды
АСТАНА. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма су қоймасының Самар жағалауында маусымдық құтқарушылар бекеті жұмысын бастады. Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Ведомствоның хабарлауынша, Новостройка ауылында орналасқан бекетте жазғы маусым бойы өрт сөндірушілер мен жедел-құтқару жасағының қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етеді.
«Құтқару бекеті қажетті арнайы жүзу құралдарымен және өрт сөндіру автокөлігімен толық жабдықталған. Құтқарушылар қайықпен патруль жүргізсе, өрт сөндірушілер жағалау бойындағы демалыс орындары мен объектілердің өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауын бақылауда ұстайды», – делінген ТЖД хабарламасында.
Бұдан бөлек, демалушыларға өрт қауіпсіздігі және судағы қауіпсіздік ережелері бойынша жадынамалар таратылып, тұрақты түрде нұсқау және оқыту жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, құтқарушылар жоғалып кеткен аңшыны тапты.