ШҚО-да дала өртінің алдын алу үшін 44 мобильді топ құрылды

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір аумағында өткен демалыс күндері 150-ден астам рет шөп өртенді. Тілсіз жаудың алдын алу үшін құтқарушылар рейд жүргізуде. Бұл мақсатта 312 маманнан тұратын 44 мобильді топ құрылған.
«Семейдегі Мирный саяжай қауымдастығы аумағындағы 8 үй мен 6 шаруашылықтың қора-жайы өртенген. Өрт сөндірушілер жалпы ауданы 1000 шаршы метрді құраған жалынды ауыздықтады. Барлығы 40 адам мен 11 техника жұмылдырылған. Ал Ұлан ауданы Асубұлақ ауылында шөп жанып, от 4 жер үй мен 3 гаражға тарады. Көп ұзамай аумағы 400 шаршы метрге жеткен өрт өшірілді. Жалын қоқыс жағу кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан шыққан», - делінген ақпаратта.
Биыл ТЖД қызметкерлері 20 профилактикалық рейд жүргізді. Нәтижесінде, далада шөп өртеген 2 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Семейде құтқарушылар отқа оранған үйден мүгедек адамды алып шыққанын хабарлаған едік.