ШҚО-да Дания мекемесінің үлгісі бойынша хоспис құру мүмкіндігі қаралды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Дөңгелек үстел форматында өткен Шығыс Қазақстан әкімі жанындағы Қоғамдастық кеңесінің денсаулық сақтау жөніндегі сараптамалық жұмыс тобының отырысында Дания үлгісі бойынша мемлекеттік-жеке әріптестік шеңберінде хоспис ұйымдастыру мүмкіндігі қаралды.
None
None

Басқосуда талқыланған негізгі мәселе хоспис ұйымдастырудағы озық шетелдік тәжірибе болды, деп хабарлады облыс әкімінің ақпараттық орталығынан.

Денсаулық сақтау жөніндегі сараптамалық топтың төрағасы Татьяна Чернышеваның айтуынша, «Данияда 14 хоспис бар. Хоспистегі орын саны 12-ден 20-ға дейін. Олардың барлығы жеке мекеме (коммерциялық емес) болып табылады және өңірлік биліктің қолдауында. Орталық Ютландияда (Даниядағы аймақ) өңірдегі ірі ауруханалармен өзара жұмыс істейтін паллиативтік көмектің көшпелі бригадасының алты командасы жұмыс істейді. Олар әл үстіндегі науқас пен оның отбасына қажетті жедел көмек көрсетеді. Әр хоспистің өз өңірінде басқаруға шарты бар және осы шарт аясында мемлекеттік төлем алады. Мемлекет хоспис шығысын төлейді және оны ұстауға кететін шығындардың орнын толықтай толтырады. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырумен қатар, хоспистер қолы ашық адамдардан, жекеменшік компаниялардан қайырымдылық түрінде ақша алады».

Өз кезегінде, денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Сергей Попов: «Бізде де осындай мемлекеттік емес ұйымдар бар. Әлеуметтік жұмыскерлер бар, алайда, бүгінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде, біздің медициналық білім беру мекемелерінде медицина қызметкерлері білуі тиіс қандай да бір бағдарламалық құжат, мақсатты білім әзірленген жоқ»,- деді.

Айта кетсек, қазіргі уақытта Семей қаласында ирландиялық меценаттармен бірлесіп салған хоспис нысанының құрылысы жүріп жатыр. «Құрылысты аяқтау үшін бізге шамамен 30 млн. теңге қажет. Мәселе «Парыз» қоры арқылы шешілуде. 3 қабатты ғимарат салынды. Әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш мекеме 50 емделушіге арналған. Республикалық бюджет қаражатынан қаржыландырылатын болады. Өскеменде өкінішке орай, мұндай құрылыс жоспарланбаған. Алайда, мүмкін жыл аяғында жоспарға бізде хосписке арналған ғимарат енгізілуі де ықтимал», - деп қосты Сергей Александрович.

Дания өкілі халықаралық журналист Жерар Диз дөңгелек үстелге қатысушыларға Данияда хоспис қай қаражатпен жұмыс істеуде, мекемеге мұқтаждарды анықтау жағдайы қандай, персоналды хосписке оқыту жайындағы өз ойымен бөлісті.

Пікір алмасу кезінде кереғар қозқарастар да білдірілді. Кей сарапшылар Шығыс Қазақстанда Даниядағыдай хоспис салу әзірге мүмкін еместігін, бұған тиісті нормативтік-құқықтық база жоқтығын тілге тиек етті.

Сараптамалық жұмыс тобының төрағасы Т.В. Чернышеваның пікірінше, ел Президенті Н. Назарбаевтың алға қойған 2050 жылы әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатын іске асыру үшін осы бағытта Дания тәжірибесін үйрену қажет.

Отырыс нәтижесі бойынша сараланған ұсынымдар Шығыс Қазақстан облысының әкіміне, ШҚО денсаулық сақтау басқармасына, ішкі саясат басқармасына жіберілді.

Соңғы жаңалықтар