ШҚО-да екпіні қатты тау өзеніне 15 адам ағып кете жаздады
ӨСКЕМЕН.KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында Журавлиха өзеніндегі су деңгейі кенеттен көтеріліп, бір топ туриске қауіп төндірді.

Оқиға Риддер қаласына жақын маңда болған. Тау өзені арқылы өтпек болған 4 жол талғамайтын көлікте 15 адам отырған. Олардың арасында ересектер де, балалар да бар. Кенеттен су көтеріліп, көліктер өзен ортасында қалып қойған.
Сол кезде жүк көлігінің жүргізушісі Александр Бердюгин мен тракторшы Иван Васильев кездейсоқ сол маңнан өтіп бара жатқан. Екеуі лезде көмекке ұмтылды.
— Біз джиптерді бір-біріне байладық. Ал балаларды жүк көлігінің кабинасына отырғыздық. Алайда ағыстың екпіні қатты болды. Су ағызып әкеткен көліктердің бірі шетімен құлады. Осы сәтте оған байланып тұрған арқанды шешіп, судан жеке алып шығуға тура келді. «Урал» көлігін өзен бойымен көлденең қойдым. Өйткені басқаша жақындау мүмкін емес еді, — дейді Александр Бердюгин.
Көліктерді судан шығаруға бес сағаттан астам уақыт кеткен. Соның нәтижесінде ер адамдар үш көлікті жағаға шығарып, 15 адамды аман алып қалды. Ал төртінші көліктің иесі тәуекел еткісі келмегендіктен, ол көлік әлі күнге дейін арғы жағалауда қалған.
Еске салсақ, осыған дейін Риддерде өзенге ағып кеткен квадроцикл жүргізушісін іздеу жұмыстары жалғасып жатқаны хабарланған.