ШҚО-да газ құю стансасындағы жарылыстан зардап шеккендердің барлығына көмек көрсетіледі – әкім
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев газ құю стансасындағы жарылыстан зардап шеккендердің барлығына көмек көрсетілетіндігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шемонаиха қаласында газ құю стансасында болған жарылыстан екі адам күйіп қалғаны хабарланған еді.
Сол күні кешке қарай жарылыстан тағы екі азаматтың зардап шеккені анықталған.
Аймақ басшысы Ермек Көшербаев сол 4 адамға барлық қажетті көмек көрсетілетіндігін айтты.
«Олар шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ аудандық ауруханаға облыстың бас дәрігері Гүлмира Загидуллина да барды. Қазір құзырлы органдар өрттің себептерін анықтап жатыр. Төтенше жағдай орнына ШҚО Полиция департаментінің бастығы мен тергеушілер, менің орынбасарым Дархан Сапанов және Шемонаиха ауданының әкімі Григорий Акулов барды», - дейді ол.
Облыс әкімінің айтуынша, зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетіледі.
«Өңірдегі осыған ұқсас объектілерде мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеу керек. Сол үшін тексеру жүргізіліп, соның нәтижелері туралы міндетті түрде хабарлаймыз», - дейді Е.Көшербаев.