ШҚО-да ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны 25-ке жетті
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында 25 ауыл халқы ішімдіктен түбегейлі бас тартты.
Алтай ауданындағы Селезневка елді мекенінің тұрғындары алкоголь өнімдерін сатудан және тұтынудан бас тарту туралы шешім қабылдады.
Бұл бастаманы кәсіпкерлер де қолдаған. Олар ауылдастарының ұсынысымен келісіп, спиртті ішімдіктерді сатуды өз еріктерімен тоқтатты.
Тұрғындардың айтуынша, негізгі мақсат — қоғамдық тәртіпті нығайту және тұрмыстық жанжалды азайту.
— Шығыс Қазақстан облысында 2025 жылы «Ішімдіксіз ауыл» бастамасын қолдаған 21 ауыл болса, биыл олардың саны 25-ке дейін жетті. Қазірдің өзінде осы ауылдарда әлеуметтік жағдайдың жақсарғаны және құқық бұзушылықтар санының азайғаны байқалып отыр, — деп хабарлады ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Еске салсақ, осыған дейін Ақтөбе облысында 40 ауыл ішімдіктен бас тартқаны хабарланған.