ШҚО-да иесіз итке оқ атқан адам іздестіріліп жатыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында белгісіз біреу көшедегі бұралқы итке оқ атқан.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға Глубокое ауданындағы Белоусовка кентінде болды. Кешкі уақытта далада ойнап жүрген балалар оқ атылған дауысты естіп, сол жаққа қарай жүгірген. Олардың айтуынша, белгісіз ер адам иесіз итті атып, сол жерден кетіп қалған.
«102» жедел арнасына хабар түсе салысымен полицейлер оқиға орнына келіп жетті. Куәгерлерден, көше тұрғындарынан сұрақтарға жауап алынды. Қазіргі уақытта күдіктінің кім екенін анықтау үшін тиісті шаралар жүргізіліп жатыр», - делінген ақпаратта.
Кент тұрғындары итті ветеринарлық клиникаға жеткізген. Мойын тұсынан жараланған ит «Досым» жануарларды сауықтыру орталығына жатқызылды.