ШҚО-да қадағалаусыз қалған жөспірімдер бейімдеу орталығына орналастырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған «Назар аударыңыз — балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Алғашқы үш күннің қорытындысы бойынша полиция қызметкерлері 183 рейдтік іс-шара өткізіп, 128 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті.
— Полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп жүргізген рейдтер барысында құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жасөспірімдердің қараусыз және қадағалаусыз қалуына жол бермеуге, сондай-ақ олардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін жағдайларды анықтауға басымдық берді, — делінген ақпаратта.
Профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде ішкі істер органдарына 101 кәмелетке толмаған жеткізілді. Қараусыз және қадағалаусыз қалған 8 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Жалпы рейдтік іс-шаралар барысында 128 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, олардың жолы кесілді.
Айта кетейік, түнгі уақытта баласының қайда жүргенін бақылауды қамтамасыз етпеген 480-нен астам ата-ана жауапкершілікке тартылды.