ШҚО-да Қалғұты өзені арнасынан асып, жолды су шайып кету қаупі төнді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында арнасынан асып кеткен Қалғұты өзенінің суын өткізу үшін жол жырылып, арна салынды.

12 сәуірде мол жауған жауын-шашынның салдарынан Күршім ауданындағы Қалғұты өзенінің суы арнасынан шығып, жазық аумаққа жайылған.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, облыстық маңызы бар «Күршім-Ақсуат» жолының 23 шақырымында тасжолды су шайып кету қаупі төнді. Жиналған суды өткізу үшін жол жырылып, арна салынды. Бұл жол Аманат, Жолнұсқау және Ақсуат елді мекендерін жалғайды.
«Қазіргі таңда, тұрғындар ауылдарға айналма жолмен жетіп жатыр. Аталған елді мекендерде барлығы 705 адам тұрады. Жолды қалпына келтіру жұмыстарына қажетті материалдар дайындалып, тасымалдануда. Су деңгейі төмендегеннен кейін жөндеу жұмыстары бірден басталады», — делінген ақпаратта.
Оқиға орнында Күршім ауданының әкімі, «ОблШығысЖол» ЖШС мен коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері жүр.