ШҚО-да қар көшкіні қаупі жоғары учаскелерге тікұшақпен барлау жасалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында қар көшкіні қаупі жоғары учаскелерге аэровизуалды мониторинг жүргізілді.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, барлау жұмыстарына «Қазавиақұтқару» мекемесінің тікұшағы тартылды.

— «Өскемен қаласы-Тайынты өзені-Лайлы өзені-Өскемен қаласы» бағыты бойынша қар көшкіні мен гидрологиялық жағдай зерттелді. Соның нәтижесінде Самар және Ұлан аудандарының әкімшілік аумағында толығымен қар жатқаны анықталды. Қар жамылғысының биіктігі — Тайынтыда — 55 см, Лайлыда — 50 см-ге дейін жетеді. Қар көшкінінің өздігінен түсу қаупі аз. Зерттелген аумақтағы қар көшкіні жағдайы тұрақты, — делінген ақпаратта.


Лайлы, Ешкібай және Төменгі Тайынты су қоймаларының бөгеттерін жаппай мұз жауып тұр. Барлық гидротехникалық құрылыстар штаттық режимде жұмыс істеуде.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда қар көшкіні түсірілгені хабарланған.