ШҚО-да қар көшкіні жүру қаупі бар кезең басталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы таулы жерлерде қар көшкіні жүру қаупі бар кезең басталды.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша 325 учаскеде қар көшкіні жүруі мүмкін.
— Сол учаскелердің бойында 93 шақырым жол мен түрлі ғимараттар орналасқан. Егер көшкін жүрсе тұрғындардың өміріне қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан «112» қызметінен ескертулер жасалса, қауіп-қатерден аулақ болыңыздар және қар көшкіні қаупі бар жолдармен жүрмеңіздер, — деп ескертті құтқарушылар.
Айта кетейік, облыс бойынша қар көшкіні қаупі бар кезең сәуір айына дейін созылады. Осы аралықта халық тауға шықпас бұрын ауа райы жағдайын қатаң ескеруі қажет.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда көшкін қаупі бар 85 учаске тексерілгені хабарланған.