ШҚО-да келесі жылыту маусымына дайындыққа 20,9 млрд теңге бөлінді

ШҚО
Фото: Kazinform

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында келесі жылыту маусымына дайындыққа 20,9 млрд теңге бөлінді.

Облыста биылғы жылыту маусымы штаттық режимде өтті. Қазіргі уақытта келесі маусымға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ШҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов мәлім етті.

«Шығыс Қазақстан облысында үш жылу электр орталығы, 33 аудандық және 201 автономды қазандық, 1017 шақырым жылу желілері, 5212 шақырым су құбыры және кәріз желілері, 652 шақырым электр желісін алдағы қысқа дайындаудың нақты жоспары әзірленді. Алдағы жылыту маусымына дайындыққа қарастырылған қаражаттың жалпы көлемі – 20,9 млрд теңге. Оның ішінде қазандықтардың барлық түрлерін жөндеуге 12,4 млрд теңге жұмсалмақ», - дейді ол.

Өткен жылы Риддер ЖЭО-да жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сол жұмыстарға 500-ден астам адам тартылды.

«Қабылданған шаралар орталықтың тозуын 16,8 пайызға, жылу желілерінің тозуын 3,2 пайызға азайтуға мүмкіндік берді. Биыл ҚР Үкіметінің қолдауымен Риддер ЖЭО-да қазандық агрегаттары, турбогенераторлар мен жылу желілерінің 55 учаскесінде жөндеу жұмыстарын жалғастыру жоспарланып отыр», - дейді Нұрлан Рамазанов.

Соңғы жаңалықтар
telegram