ШҚО-да қыс басталғалы 37 рет қар көшкіні түсірілді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында қыс мезгілі басталғалы 37 рет қар көшкіні түсірілді

 Шығыс Қазақстан облысында қар көшкіні қаупіне байланысты жол жабылады
Фото: freepik.com

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде бүгін кезекті рет жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді.

- Қар жол жауып, «Өскемен-Тарғын-Самар» және «Өскемен-Алтай» тасжолдарының маңайында көшкін жүру қаупі артты. Соған байланысты ТЖМ «Қазселденқорғау» мекемесі филиалының мамандары қар көшкінінің алдын алу жұмыстарын жүргізді. Тауда жарылыс жасалып, екі учаскеден 14760 текше метр қар шығарылды, - делінген ақпаратта. 

Қыс маусымы басталғалы бері облыста 37 рет көшкін жүргізіліп, жалпы көлемі 31980 текше метр қар түсірілді. 

Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары қыс кезінде тауға шыққанда қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін еске салғаны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар