17:01, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
ШҚО-да қолөнерді дамытуға үлкен көңіл бөлініп отыр
ӨСКЕМЕН. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Халықтық өнерді дамыту – бұл, тек еңбекпен қамту ғана емес, сонымен қатар, экзотикалық жәдігерлер жасау және аймақ өнімдерін сыртқы рынокқа шығару. ШҚО-да аталған саланы шындап дамыту қолға алына бастады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Өткен жұма күні этнографиялық мұражайдағы аймақ қолөнершілер көрмесінің ашылуына қатысқан облыс әкімі Әділғазы Бергенов экспонаттармен танысу барысында, халықтық өнердің осы бағытын дамыту жергілікті, әсіресе, шалғайда жатқан ауыл тұрғындарын еңбекке тартудың жаңа мүмкіндігін ашады, деп атап өтті. Мәселен, таяуда Феклистов ауылының 20-шақты оралман тұрғыны жүн және киізден жасалатын бұйымдардың, жуудан бастап, дайын өнімге дейінгі дайындау технологиясын оқып үйренді. Айта кету керек, мұндай дүниелер бүгінде үлкен сұранысқа ие, сондай-ақ, өнімдер көркемдік қана емес, сонымен қатар, қолданбалы өнер туындысы ретінде де жоғары бағаланады. Ағаш томарынан, тастан, қыштан, сүйектен, жүннен, балшықтан жасалған мүсіндер, сазды аспаптар және жергілікті шикізат түрлерінен жасалған басқа да қолөнер бұйымдары мұражай көрмесінен орын алды. Айтқандай, қазіргі кездері қолөнершілердің үздік туындыларын сату үшін, облыс орталығында туристік сауда нүктелері ашылды. Аймақ басшысының алдағы жоспарында - әуежайда, вокзалда, қонақүйлерде және туристік базаларда қолөнер бұйымдарын сатуға арналған дүкендер ашу көзделіп отыр. Облыс басшысының пікірінше, отандық кәдесый ретінде ұсынуға тұратын дүниелер жетерлік, сондықтан да, Астанада ШҚО-да жасалған қолөнер бұйымдарының көрмесін ашуды ұйымдастыру туралы ұсыныс айтылды.