ШҚО-да көші-қон заңнамасын бұзған 55 шетелдік елден шығарылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында заңсыз жұмыс істеп жүрген шетелдіктер жазаға тартылды.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша жыл басынан бері ел аумағында болу және еңбек қызметін жүзеге асыру ережелерін бұзған 350-ден астам шетелдік анықталды. Олардың ішінде 55 адамға қатысты сот шешімімен Қазақстанға 5 жыл мерзімге кіруге тыйым салынып, елден шығару шарасы қолданылды.
— Полицейлер шетелдік азаматтардың тіркеу мекенжайларын және қабылдаушы тараптың хабарламаларының болуын тексеру бойынша арнайы рейдтерді жалғастырып жатыр. Соның нәтижесінде аудандардың бірінде уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеген 36 шетелдік анықталды. Барлық заңбұзушыларға қатысты шара қабылданып, олар елден шығарылды, — делінген ақпаратта.
Ал жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 200 АЕК (786 400 теңге) мөлшерінде айыппұл салынған.
Еске салсақ, осыған дейін Жамбыл облысында жыл басынан бері 2 756 заңсыз мигрант ұсталғаны хабарланған.