ШҚО-да көшкін қаупіне байланысты қар түсірілетіндіктен жол жабылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жасанды жолмен қар түсірілетіндіктен жол жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін өңірдегі тасжолдардың бірінде профилактикалық мақсатта қар түсірілмек.
«Сағат 11.00-ден бастап облыстық маңызы бар «Өскемен-Тарғын-Самар» тасжолының 95-102 шақырымында көліктің барлық түрі үшін қозғалысқа тыйым салынды. Жүргізушілерден түсіністік танытуды сұраймыз», - делінген ақпаратта.
Осы ретте, құтқарушылар өңір жұртшылығына алыс сапарға шығар алдында жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильдік қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес берді.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да тау бөктерінде төрт жарылыс жасалып, 6100 текше метр қар түсірілгенін жазған болатынбыз.