ШҚО-да құдыққа батқандарды құтқармақшы болған сот қызметкерлері қаза тапты

Бақытжан Қайназаров пен Бекзат Құрымбаев Үржар аудандық сотында жүргізуші және жұмысшы болып істеген.
«Республиканың сот қоғамдастығы қайғылы жағдайда қаза тапқан Үржар аудандық соты жұмысшыларының ерлігіне бас ие отырып, оның туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады», - делінген хабарлама мәтінінде.
Айта кетейік, 2017 жылдың 21 шілдесі күні Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында «Казсельбурводстрой» ЖШС-інің үш жұмысшысы су құбырлары трассасына қызмет көрсету бойынша жұмыстар жүргізіп жатқан. Олардың құдыққа түскен екеуі оның түбіндегі белгісіз газ иісінің тиюі салдарынан ес-түсінен айырылып қалған. Көмек көрсету үшін құдыққа түсуге ұмтылған үшіншісі де әлсізденіп бара жатқандығын сезініп, айналасынан көмек сұрап айқайлаған.
«Дәл осы уақытта сол маңнан өтіп бара жатқан Үржар аудандық сотының жұмысшысы Б.Құрымбаев көмек сұраған дауысты естіген бойда дауыс шыққан жаққа жүгіре жөнелді. Дереу әлсіреген жігітті шығарып алып, қалған екеуін құтқармақ болып құдық түбіне түседі. Алайда, газ әсерінен ол да ес-түсінен айрылған. Артынша құдыққа түскен Б.Қайназаров та газ иісіне уланып қалған. Жедел медициналық көмек келіп жеткенше, құдыққа түскен төрт азамат та естерін жимастан көз жұмды. Олардың қатарында 1989 жылғы Бақытжан Қайназаров, 1983 жылғы Құрымбаев Бекзат Хамитұлы бар», - делінген хабарламада.