ШҚО-да құрбандық шалуға арналған 13 орын белгіленді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында Құрбан айт мерекесі кезінде құрбандық шалуға арналған 13 орын белгіленді.
ШҚО Дін істері басқармасының мәліметіне сүйенсек, мереке қарсаңында облыста қайырымдылық акциялары өткізіліп, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған азаматтарға құрбандық еті мен азық-түлік себеттері таратылады. Өңір бойынша қайырымдылық көмегімен 100-ге жуық отбасы қамтылмақ.
- Өскемен қаласында негізгі мерекелік шаралар Халифа Алтай мешіті маңында өтеді. Мұнда киіз үйлер тігіліп, қоғамдық сауда орындары ұйымдастырылады. Сонымен қатар қала және аудан әкімдіктері мерекелік іс-шаралар бағдарламаларын бекітіп, арнайы 13 құрбандық шалу орнын белгіледі, - дейді басқарма басшысы Ерболат Ошақбаев.
Атап айтқанда:
Өскемен қаласында — Атығай асуы (Алматы–Өскемен тасжолы);
Риддер қаласында — Д.Қонаев атындағы Риддер қалалық мешіті;
Алтай ауданында — «Тенар» қожалығы;
Глубокое ауданында — «Тастанбеков Ж.Т.» ЖК;
Зайсан ауданында — «Шығыс-А» мал сою пункті;
Күршім ауданында — «Мойнақ» шаруа қожалығы;
Тарбағатай ауданында — Ақжар ауылы;
Ұлан ауданында — Атығай асуы;
Үлкен Нарын ауданында — Горный көшесі, 8/1;
Шемонаиха ауданында — Вокзальная көшесі, 236;
Катонқарағай ауданында — Катонқарағай ауылы, Абай көшесі, 82;
Марқакөл ауданында — Қалжыр ауылы;
Самар ауданында — Аққала ауылы, «Самар-Вет» мал сою алаңы.
- Мереке күндері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен ет өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мәселесіне ерекше назар аударылады. Осыған байланысты басқарма кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының басшыларын бағаны негізсіз көтермеуге шақырады. Құрбан айт мерекесі аясында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы да қатар жүргізіледі. Соның барысында мерекелік іс-шаралар өтетін орындарда тазалық пен санитарлық талаптарды сақтау жұмыстары күшейтіледі, - дейді Е.Ошақбаев.
Еске салсақ, осыған дейін Қарағандыда Құрбан айт кезінде құрбан шалынатын арнайы орындар белгіленгені хабарланған.