ШҚО-да құтқарушылар көлік жүргізушілеріне ескерту жасады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар көлік жүргізушілеріне алыс сапарға шықпау қажеттігін ескертті.
Өңірде 11 қараша күні ауа райының күрт бұзылуына байланысты ескерту жарияланды.
Синоптиктердің болжауынша, облыста қар жауып, көктайғақ пен боран тұруы ықтимал. Кейбір аудандарда желдің екпіні секундына 23 метрге дейін жетуі мүмкін.
- Мұндай ауа райында көлік жүргізушілеріне алыс жолға шықпауға кеңес береміз. Егер міндетті түрде жолға шығу керек болып жатса, өзіңізбен бірге арқан, күрек, әйнек тазалайтын құрал, қосымша жанармай, шам, жылы киім, толық зарядталған телефон мен PowerBank, азық-түлік және ыстық шай құйылған термос алыңыз, - деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінен.
Облыстық маңызы бар тасжолдардағы жағдайды білу үшін көлік жүргізушілері «ОблШығысЖол» ЖШС-ға +7 (7232) 57-42-52, +7-705-798-05-99 телефон нөмірлері арқылы хабарласа алады.
Еске салсақ, осыған дейін Ақмола облысында көктайғаққа қарамастан жазғы дөңгелекпен шыққан жүргізушілер жолдан қайтарылғаны хабарланған.