ШҚО-да мас күйде көлік жүргізіп, жол апатына түскен әкім 20 күнге қамауға алынды

Шығыс Қазақстан облысында мас күйде рульге отырып, жол апатына түскен ауылдық округ әкіміне қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды Kazinform. 

ШҚО-да мас күйде көлік жүргізіп, жол апатына түскен әкім 20 күнге қамауға алынды
Фото: Kazinform

Алтай ауданындағы ауылдық округтердің бірінің әкімі «Chevrolet Niva» маркалы автокөлікті тізгіндеп, аулада тоқтап тұрған «ВАЗ 21099» көлігіне соғылды. Сараптама көрсеткендей, сол кезде ол жеңіл дәрежеде мас болған.

Осыған байланысты сот ісі аудандық сотта қаралды. Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындады.

«Сот шешімімен әкім 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Сондай-ақ ол жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Бұл шешімге апелляциялық сатыдағы сотқа шағымдануға болады», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Еске салсақ, осыған дейін «Өскемен-Риддер» тасжолында жол апатынан екі адам көз жұмғаны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар