ШҚО-да майдангерлерге орнатылған ескерткіштердің жай-күйі қандай
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Екінші дүниежүзі соғысында фашистермен аянбай шайқасқан майдангерлеріміздің атын өшірмей, ұрпақ жадында мәңгі сақтау үшін оларға ескерткіштер қойылып, есімі көшелер мен түрлі нысандарға беріліп жатады. Kazinform Шығыс Қазақстан облысында қанша батырдың осылай ұлықталғанын анықтап көрді.

23 ескерткіш бар
Сұм соғыста Отан үшін от кешкен жауынгерлерді өскелең ұрпақтың жадынан өшірмей, батырлықтың символы ретінде насихаттау үшін Шығыс Қазақстанда олардың ескерткіштері тұғырға қондырылып, кент, ауыл, көше мен мектепке есімдері беріліп келе жатыр.
ШҚО мәдениет басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша ҰОС батырлары мен қатысушыларына арналған 23 ескерткіш бар.
— Оның ішінде біреуі — республикалық маңызы бар ескерткіш, 22-сі — жергілікті тарих және мәдениет ескерткіші. Қала, ауданға бөліп айтар болсақ, Алтай ауданында — 1, Глубокое ауданында — 1, Үлкен Нарын ауданында — 2, Күршім ауданында — 2, Тарбағатай ауданында — 1, Ұлан ауданында — 2, Шемонаиха ауданында — 5, Риддер қаласында — 3, Өскемен қаласында — 6 ескерткіш бар. Осы жылы майдангерлерге ескерткіш орнату жоспарда жоқ, — дейді агенттіктің ресми сауалхатына жауап жолдаған басқарма басшысы Самат Қасенов.

Облыста Жеңістің 80 жылдығына орай жалпы саны 97 іс-шара ұйымдастырылмақ. Оның ішіндегі 27-сі — ауқымды шаралар.
Шығыс Қазақстан бойынша көше мен нысандарға есімі берілген КСРО батырлары мен ҰОС ардагерлерінің тізімі:
Алтай ауданында:
— 3 мектеп,
— 38 көше,
Самар ауданында:
— 6 көше
Глубокое ауданында:
— 2 мектеп
— 8 көше
Катонқарағай ауданында:
— 1 мектеп
— 6 көше
Күршім ауданында:
— 17 көше
Марқакөл ауданында:
— 1 мектеп,
— 4 көше
Тарбағатай ауданында:
— 4 мектеп
— 11 көше
Ұлан ауданында:
— 1 кент,
— 1 ауылдық округ
— 4 мектеп
— 2 балабақша-мектеп кешені
— 39 көше
Үлкен Нарын ауданында:
— 10 көше
Шемонаиха ауданында:
— 1 мектеп,
— 1 балабақша-мектеп кешені
— 19 көше
Зайсан ауданында:
— 2 мектеп,
— 25 көше
Өскемен қаласында:
— 1 мектеп,
— 60 көше
Риддер қаласында:
— 1 көше.
Бірнешеуіне барғанымызда…
Енді осы ескерткіштердің қандай жағдайда екенін көру үшін бірнешеуіне барып көрдік. Ең әуелі Өскемендегі Қасым Қайсенов саябағына табан тіредік. Жасыл желекке малынып тұрған бақтың келбеті әдемі, әсем. Іште партизан жазушының ескерткіші де бар. Оның да жағдайы жақсы, айналасы таза. Бірақ ескерткіш бақтың ортасында емес, шет жағында тұр.

Екінші қаладағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы саябаққа келдік. Бұл бақ 2022 жылы Жібек маталар комбинаты ықшамауданында ашылған.
Ортасында батырдың мүсіні орналасқан. Биіктігі — 3,6 метр, тұғыры — 4,8 метр. Саябақтың жалпы ауданы - 1,5 гектар. Онда төрт субұрқақ, жеті мүсіндік инсталляция бар.

Ескерткіштің бүгінгі жағдайы жақсы, дегенмен саябақ қоқысқа толы. Бақта серуендеп, демалғысы келген жұртты шашылған қалдықтар мен жағымсыз иіс қарсы алатыны қынжылтты.

Үшінші Күленов кентіндегі Ізғұтты Айтықов есімі берілген көшеге бағыт алдық. Мұнда жол бойына орнатылған кеудемүсін жауынгерлің ерен ерлігін еске салып тұр.

Жалпы жағдайы жаман емес. Алайда бюсттің бір тақтайшасы түсіп қалыпты. Жеңіс күніне дейін бүлінген бөлігі қалпына келтіріледі деген үміттеміз.
Төлеген Тоқтаровқа арналған ескерткіш — Риддер қаласындағы Әуезов көшесінде орналасқан. 1970 жылы орнатылған 3,5 метрлік кеудемүсін бүгінде қанағаттанарлық жағдайда. Дегенмен, сыртқы бояуы түсіп бара жатқанын байқауға болады.

Еске салсақ, осыған дейін Астанаға әскери бортпен қазақстандық ҰОС жауынгерлерінің сүйегі жеткізілгені хабарланған.