ШҚО-да мектеп мұғалімдеріне қашықтан оқытуға арналған видеотоптама әзірленді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында үш мыңнан астам сабақтан топтама жасалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Жазғы демалыс кезінде білім ордалары балаларды жаңа форматта оқытуға дайындалған. Бұл жайлы ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың қатысуымен өткен білім қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясында айтылды.


Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова жаңа оқу жылында оқушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда бір жарым мыңға артып, 189 мың баладан асқанын атап өтті. Олардың жартысы қашықтан сабақ оқиды. Онлайн сабақты сапалы жүргізу үшін білім ортасы құрылып, компьютермен қамтамасыз ету және интернетке қосу мәселелері шешілуде.


Оқу жылы басталмас бұрын облыстағы мұғалімдер педагогикалық шеберлік орталығында 40 сағаттық асинхрондалған онлайн курстан өтті. Курс барысында олар цифрлық платформаны қолдануды меңгеріп қайтты.

Бұдан бөлек, педагогтарға көмек ретінде 1200 сабақтан тұратын цифрлық білім контенті әзірленді. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыстық филиалы педагогтармен бірге 8-9 сынып оқушыларына арналған геометрия, физика, биология, орыс тілі және әдебиеті пәндері бойынша 304 бейнесабақ әзірледі.

Өскемен мен Семей қалаларындағы мектептерде 82 педагогтің қатысуымен 272 сабақ шығарылды.

Қашықтан білім беру мақсатында облыста үш мыңнан астам сабақтың бейнеханасы жасалды. Ал педагогтарға арналған екі мыңнан астам вебинар ұйымдастырылды.

Шағын комплектілі 373 мектепте штаттық режимде 41 986 бала білім алады. Оқу екі ауысымда ұйымдастырылады. Ауысым кезінде жарты сағаттық үзіліс болып, әрбір сабақтан соң дезинфекциялау жұмыстары жүргізіледі. Мектептерде маска кию режимі сақталып, медициналық бақылау күшейтіледі.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов балалардың денсаулығын сақтау үшін мектептердегі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар