ШҚО-да мектепке «бомба қойған» әйел 3 жылға сотталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында мектепке бомба қойылғаны жайлы жалған хабар берген әйел 3 жылға бас бостандығынан шектелді.

аноним
Фото: pixabay.com

Оқиға Алтай қаласында болған. «101» жедел арнасына қоңырау шалған әйел мектептердің біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы айтқан. Сол жерге жедел қызметтер келіп жетіп, толыққанды тексеру жүргізді. Алайда бұл хабар жалған болып шықты.

Осылайша, жалған хабар таратуға қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктінің кім екендігі анықталды. Тергеу амалдары аяқталған соң іс сотқа жетті.

— Сот барысында әйел адам өз кінәсін толықтай мойындап, істеген ісіне қатты өкінетіндігін жеткізді. Ол жалған хабар берген кезде мас күйде болған. Бұл жазаны ауырлататын мән-жай ретінде саналады. Сот шешімімен айыпталушы 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектелді, — делінген ақпаратта.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен қыздың денесі табылғаны хабарланған

Соңғы жаңалықтар