ШҚО-да «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қорытындысы шығарылды. Биылғы жеңімпаз – Алтай ауданынан келген Қыдырхановтар отбасы.

Ынтымағы жарасқан, өзгеге үлгі боларлықтай отбасылар анықталатын «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңіне әр қала, ауданнан үздік атанғандар жиналды. Бұл байқаудың мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттау, жастарға отбасы мен некенің маңыздылығын көрсету.
11 отбасының ішінен үшінші орынды Зайсан ауданынан келген Бозтаевтар отбасы иеленді. Отағасы Бақытбек Қанапияұлы мамыр айында суға батып бара жатқан 4 баланы құтқарып қалған. Жұбайы Сәуле Жансейітқызымен бірге мал өсіріп, еті мен сүтін өндіріп, аудан халқын табиғи таза өнімдерімен қамтамасыз етуде. 5 баласы білім, денсаулық сақтау, энергетика салаларында және құқық қорғау органдарында адал қызмет етіп жүр.

Ал екінші орынға Ұлан ауданынан келген Нажитбан отбасы жайғасты. Бұл отбасында 7 бала бар. Бүркіт өсіріп, облыстық және республикалық жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп келеді. Сондай-ақ халықаралық «Бүркітші» турнирін ұйымдастырып, өңірдегі туризмнің дамуына зор үлес қосуда.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы болып Алтай ауданынан келген Қыдырхановтар отбасы танылды. Отбасында 4 бала тәрбиеленуде. Отағасы Аслан Базарбекұлы еңбек пәнінің ұстазы, қолөнер шебері. Жұбайы Ардақ Әуелбекқызы математика пәнінің мұғалімі. Екеуі де өз мамандықтары бойынша республикалық байқаулардың жеңімпаздары. Қыздары Арна биыл «Алтын белгі» иегері атанып, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне грантқа түскен.

- Бүгін Өскеменде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының марапаттау рәсімі өтті. Бұған дейін ауыл, аудан, қалалық кезеңдерде бақ сынап, жеңімпаз атанған жанұяларды да марапаттадық. Биыл ШҚО бойынша атаулы байқауға әр ауыл-аймақтан 136 өтінім келіп түсті. Облыстық кезеңде жеңіпмаз атанған отбасы Астана қаласында өтетін байқаудың республикалық кезеңінде өңір намысын қорғамақ, - деді облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Альмира Төлегенқызы.