ШҚО-да мүмкіндігі шектеулі жандарға жайлы жағдай жасау мәселелері қаралды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесі мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қолдау көрсетуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

ШҚО қоғамдық кеңесінің жанынан құрылған мүгедек жандардың құқығын қорғау жөніндегі комитет 2016 жылдың шілде айынан бастап жұмыс істеп келеді. Оған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы лауазымында 23 жыл қызмет еткен Ольга Кузовлева жетекшілік етуде. Комитет құрамына мүмкіндігі шектеулі 6 адам кіріп отыр. Сондай-ақ онда мүгедектігі бар азаматтардың мүддесін қорғайтын 6 қоғамдық ұйым өкілдері де бар.

Комитет отырыстарына қажет болған жағдайда түрлі мемлекеттік мекемелердің басшылары шақырылады. Жыл басынан бері 6 отырыс, 8 қоғамдық рейд және 2 дөңгелек үстел отырысы өткізілді.


Комитет жұмысының осы жылдағы негізгі бағыттары – мүгедек жандардың мекемелерге кіруіне жайлы жағдай жасау, жұмыс орындарын құру, медицина саласында туындаған мәселелерді шешу. Білім, медицина, мәдениет, спорт сынды әлеуметтік нысандарға комитет мүшелері бекітілген. Облыстағы кәсіпорындар мен мекемелерге кіріп-шығу ыңғайлылығы тексерілуде.

«Осы тұрғыда көп туындайтын мәселе – қаржыландырудың жетіспеушілігі. Жауапты мамандар келесі жылдарға бюджетті құру кезінде бұл мәселені шешуде табандылық танытпайды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделуге тиісті объектілер негізінен ішінара ғана бейімделген. Нақты айтқанда, кіреберісі, тиісті белгілердің орнатылуы және пандус», - делінген мүгедек жандардың құқығын қорғау жөніндегі комитет өкілдері таратқан ақпаратта.

Комитет 2022 жылы мүгедектерге көліктік қызмет көрсету мәселесін қарастырып, шешуге тырысты. Осы мақсатта екі рет комитет отырысына Шығыс Қазақстан облысы жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері қатысты. Оларға арбаға таңылған адамдардың аялдамаға барар жолын ыңғайлы ету, мүгедектігі бар жандар жиі жүретін бағыттарды көтеріліп-түсуге ыңғайлы автобустармен қамтамасыз ету, ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға дұрыс қызмет көрсету бойынша кондукторларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу сынды ұсыныстар берілген.

«Бұдан бөлек, теміржол вокзалы мен әуежайда рейд жүргізілді. Сол жердегі қызметкерлерге нысандардағы инфрақұрылым мәселелерін шешу бойынша ұсыныстар жасалды. Инклюзивті білім беру мәселесі де комитет жұмысындағы басты бағыттардың бірі. 2023 жылы комитет мүмкіндігі шектеулі жандардың орта кәсіптік білім алуына назар аударуды көздеп отыр», - делінген хабарламада.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін медициналық көмек сапасы да назардан тыс қалмаған. Комитет отырысында бұл мәселе ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарының қатысуымен қаралды.

«Мүгедектігі бар азаматтардың мүддесін қорғайтын ұйым өкілдері пациенттерді гемодиализге жеткізу бойынша бірқатар ескерту жасады. Нақты айтқанда, заң бойынша оларды емдеу мекемесі жеткізуі тиіс, ал мүгедектер инвтаксиді жиі пайдаланатыны анықталды. Медицина мекемелері мен медициналық-әлеуметтік сараптама органдары қызметкерлерінің жұмысындағы кемшіліктер де айтылды. Көп жағдайда құжаттар дұрыс рәсімделмей, соның салдарынан мүгедектік тобының анықталуы, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі ұзаққа созылады. Келесі жылы комитеттің жұмыс жоспарына мүмкіндігі шектеулі жандарды медициналық оңалту мәселесі енгізіледі», - делінген мәліметте.


Соңғы жаңалықтар