ШҚО-да мұз астына кеткен көлікте болған әйелдің көз жұмуына байланысты қылмыстық іс қозғалды

6 желтоқсан күні сағат 19.40 кезінде Самар ауданындағы Бұқтырма су қоймасында 5 адам отырған көлік мұз астына құлаған. Төртеуі көліктен шығып үлгеріп, 72 жастағы әйел суға батып кеткен еді. Алайда әйелдің денесі бірден табылмады. Сүңгуірлерге ауаның төмен температурасы мен су астындағы қараңғылық қиындық келтірген.
8 желтоқсанда түскі уақытта әйелдің денесі табылды. Барлығы 9 рет су астына түсу жұмыстары жүргізілді. Судың тереңдігі – шамамен 20 метр. Іздеу жұмыстарына жеке құрамнан 23 адам мен 7 техника жұмылдырылған.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Белгілі болғандай, Mersedes көлігі Зайсан ауданына қарай бара жатқан. Көлік жүргізушісі мұз үстінде жүруге тыйым салатын белгіні мүлде елемеген. Соның салдарынан көлік мұз астына құлады.
«Самар аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық Кодексінің 104-бабы (Абайсызда адам өліміне әкеп соғу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады», - делінген ақпаратта.