15:37, 08 Желтоқсан 2022 | GMT +5
ШҚО-да мұзды суға батып кеткен әйелдің денесі табылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында сүңгуірлер мұз астына түсіп кеткен әйелдің денесін тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«8 желтоқсанда түскі уақытта әйелдің денесі табылды. Барлығы 9 рет су астына түсу жұмыстары жүргізілді. Судың тереңдігі – шамамен 20 метр. Іздеу жұмыстарына жеке құрамнан 23 адам мен 7 техника жұмылдырылған, - делінген ақпаратта.
Сүңгуірлерге марқұмның денесін жылдам табуға ауаның төмен температурасы мен су астындағы қараңғылық қиындық келтірген.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да бес адам мінген көлік мұз астына түсіп кетіп, бір жолаушы көз жұмғаны хабарланған.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 6 желтоқсан күні сағат 19:44 кезінде Самар ауданындағы Бұқтырма су қоймасында 5 адам отырған көлік мұз астына құлаған. Төртеуі көліктен шығып үлгеріп, 1950 жылы туған әйел адам суға батып кеткен.