ШҚО наубайшыларын өнімдеріндегі тұзды азайтуға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM – Шығысқазақстандық наубайшыларға рецептураны қайта қарастырып, өнімдеріндегі тұзды азайтуға кеңес берілді.

Бұл ұсыныс «2025–2026 жылдары салауатты тамақтануды насихаттау» жол картасын жүзеге асыру аясында аймақтық Кәсіпкерлер палатасында өткен жиын барысында айтылды.
ШҚО бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, елімізде бірінші кезекте қайта қарауға жататын құрамында тұзы жоғары өнімдердің тізімі жасалды. Бұл тізімге күнделікті тұтынатын өнім ретінде нан да кіреді.
- Нандағы тұздың орташа мөлшері 100 грамда 0,9-дан 1,2 грамға дейін құрайды. Сондықтан ұн өнімдері рецептураны қайта қарауға негіз болды, - деп түсіндірді ШҚО мемлекеттік азық-түлік қауіпсіздігі инспекциясының азық-түлік объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Гүлнәр Қалибасова.
Құрамында ас тұзы артық тағамдар тізімінің жобасы ДСҰ Еуропалық аймақтық бюросы, Қазақ тағамтану академиясы және Ұлттық денсаулық сақтау орталығының қатысуымен дайындалды. Оның мақсаты – тұзды шамадан тыс тұтынумен байланысты аурулардың даму қаупін азайту.
Санитарлық ведомствоның мәліметінше, ШҚО-да тұз мөлшері шамадан тыс өнім шығаратын 107 кәсіпорын тіркелген. Оның 85-і – наубайханалар, оларға енді рецептураны өзгертуге кеңес берілді.
ШҚО СЭБД мониторинг және тәуекелдерді бағалау бөлімінің басшысы Назерке Шақантаеваның атап өтуінше, еліміздің бірқатар аймағында тұзсыз нан өндірісі игеріліп, мұндай өнімге сұраныс артып отыр.
- Біздің міндетіміз – нормаларды енгізу ғана емес, бизнеспен бірге артықшылықтар мен тұтынушылардың талғамы арасындағы теңгерімді табу, - деді ол.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, өндірушілерге рецептурадағы өзгерістерді қарастыратын келісім жобасымен танысу ұсынылды. Алайда оған қол қою міндетті емес – бұл қазіргі уақытта ерікті бастама.
- Компаниялар алдымен жаңа рецептураны сынақтан өткізуге, сатып алушылардың реакциясын бағалауға, содан кейін ғана түпкілікті шешім қабылдауға құқылы, - деп түсіндірді ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айжан Жәңгірханова.
Наубайшылар диалогқа және рецептураны өзгерту нұсқаларын қарастыруға дайын екенін мәлімдеді. Бұл өндірушілердің өздері үшін ғана емес, тұтынушылардың жылдар бойы қалыптасқан әдеттері мен талғамдарын ескеру үшін де маңызды.
Нанның құрамындағы тұзды азайту – өңірдегі тамақтану сапасын жақсарту бойынша кешенді шараларды жүзеге асырудың алғашқы қадамдарының бірі.
Осыған дейін Азық-түлік корпорациясы ішкі нарықты бидаймен тұрақты қамтып отырғаны туралы жаздық.