ШҚО-да онлайн-казино мен қаржы пирамидаларына қатысты 400-ден астам сайт бұғатталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында заңсыз құмар ойындар, қаржы пирамидалары мен күмәнді криптоайырбастау қызметтерін ұсынатын жүздеген интернет-ресурс бұғатталды. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырушыларға ірі көлемде айыппұл салына бастады.

наркосайт, ноутбук, мошенники, мошенничество
Фото: Freepik

ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта негізгі жұмыс ойыншылар мен салымшыларды тарту арналарына бағытталған. Жыл басынан бері департамент қызметкерлері бұғаттау үшін 155 күмәнді сілтемені жолдаған. Оның 124-і бойынша қолжетімділік шектелген.

Аталған сілтемелердің 41-і интернет-казино белгілері бар платформаларға тікелей бағыттаса, тағы 103-інде заңсыз онлайн ойындардың жарнамасы орналастырылған. Бұдан бөлек, өңірде қаржы пирамидалары мен заңсыз криптоайырбастау қызметтерінің белгілері бар 300 сайт бұғатталды.

- Сайтты бұғаттау - тексерудің соңы емес. Жедел қызметкерлер заңсыз схемаларды ұйымдастырушыларды анықтауға басымдық беріп отыр. Олардың қатарында әлеуметтік желілерде құмар ойындарды кәдімгі ұтыс ойындары ретінде көрсетіп, жасыратын тұлғалар да бар, - делінген ақпаратта.

2025 жылы ҚР ӘҚБтК-нің 445-1-бабы бойынша, лотерея қызметі туралы заңнаманы бұзғаны үшін облыста 17 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Биыл да бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде өңірдің үш тұрғынына жалпы сомасы бір млн теңгеден асатын айыппұл салынды.

Тағы үш дерек бойынша кінәлілерді ҚР ӘҚБтК-нің 445-1-бабының 6-бөлігіне сәйкес жауапкершілікке тарту үшін материалдар жолданған. Соның біреуі бойынша сот шешімі шығып, қалған екі іс қаралып жатыр.

- Ақпараттық кеңістіктегі құқыққа қайшы контентті анықтау және бұғаттау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Бұл ретте интернет-казино мен қаржы пирамидаларының өзіне ғана емес, оларды жарнамалау арналарына, лотерея операторы мәртебесінсіз заңсыз ұтыс ойындарын өткізу деректеріне де ерекше назар аударылған, - делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін интернет-казиноларға 191 млрд теңге аударуға көмектескен топтың ісі сотқа жолданғаны хабарланған.