ШҚО-да өрт сөндірушілер 4 саяжай аумағын шарпыған жалынды ауыздықтады
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында өрт сөндірушілер 4 саяжай аумағын шарпыған қызыл жалынды ауыздықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 27 сәуірде түнгі сағат 02.00 шамасында «Громатуха» бау-бақша қауымдастығы аумағындағы төрт саяжай учаскесінде өрт шыққан. Тілсіз жау саяжай мен шаруашылық қора-жайларды шарпыды. Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жеткен.
«Көп ұзамай жалпы ауданы 90 шаршы метрді құраған жалын толықтай өшірілді. Сондай-ақ құтқарушылар құрғақ шөпті шарпыған 1 гектар аумақтағы өртті ауыздықтаған. Тілсіз жаумен күреске жеке құрамнан 17 адам мен 4 техника жұмылдырылды», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Анықталғандай, өрт шөптің жануынан басталған. Жалынның шығуына отты абайсыз пайдалану себеп болды.
