ШҚО-да панорамалық вагондар жобасы неге іске аспайтын болды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – 2025 жылы Өскеменнен Риддер және Алтай қалаларына қатынайтын теміржолда панорамалық вагондар іске қосылады деп жоспарланған. Бірақ жоба іске аспайтын болды. Kazinform тілшісі соның себебін біліп көрді.

Осыдан екі жыл бұрын облыс әкімдігінде өткен жиналыста ШҚО-да туристік маршруттар бойынша панорамалық вагондар іске қосылатыны айтылған.
Алғашқы вагондар 2024 жылы рельске шығады деп жоспарланған. Десе де олай болмай, жоспарды іске асыру 2025 жылға шегерілді.
Бірақ биыл да халықтың ерекше вагондарға отыра алмайтыны белгілі болды. Соның нақты себебін білу үшін Kazinform тілшісі ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ресми сауалхат жолдады.
— Бүгінде «Өскемен 1-Алтай», «Өскемен 1-Риддер» әлеуметтік маңызы бар теміржол маршруттарында панорамалық вагондарды іске қосу мәселесі өзекті. Алайда вагондарды іске қосу үшін бюджеттен қаржы бөлу мәселесін пысықтау қажет. Премьер-Министрдің 2025 жылғы 15 ақпандағы тапсырмасына сәйкес қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдарға бюджет шығынын қысқарту жөнінде шара қабылдау тапсырылған. Панорамалық вагондарды сатып алуды қаржыландыру қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асады, — деді басқарманың жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Қуаныш Акрамов.
Басқарма өкілдерінен ппанорамалық вагондар жобасын іске асыруға қанша қаражат қажеттігін де сұрадық. Бірақ нақты жауап ала алмадық.
— 2015 жылғы 24 ақпандағы тасымалдаушының шығыстарын ұзақмерзімді субсидиялау қағидасы 13-тармағының 5-тармақшасына сәйкес, вагондарды сатып алу тасымалдаушының өз қаражаты есебінен көзделеді. Вагон сатып алуға жұмсалған қаражат белгіленген қағида шеңберінде тасымалдаушыға өтелетін болады. Бұл жобаның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге және оның ұзақмерзімді іске асырылуына кепілдік береді, — дейді Қ.Акрамов.
Еске салсақ, осыған дейін 120 тонналық вагондарды сүйреген шымкенттік рекорд орнатқанын жазғанбыз.