ШҚО-да пара алған учаскелік полицейлер 6 жылға сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскемен қаласының №2 соты учаскелік полиция А.Есенаман мен Е.Сағатовқа қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлады аталған соттың баспасөз қызметінен.
None
None

Полицейлер қызметтік өкілеттіліктері мен міндеттері аясында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған А.Скиданенкоға бақылау жүргізген. Ол соттың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылудағы белгіленген тыйымдарға қарамастан екі рет әкімшілік құқықбұзушылық жасаған. Полиция инспекторлары А. Скиданенкоға қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы ұсыныстың күшін жоюды, сотқа жіберу үшін полиция бөлімінің бастығының атына рапорт жазуға барлық негіздері болған. Алайда, оның орнына полиция инспекторлары алдын-ала сөз байласып, А. Скиданенкодан 60 000 теңге талап еткен. А. Скиданенко пара беру жауапкершілігінен қорқып, шағыммен тиісті органдарға жүгінген. Лауазымды тұлғалар параны алу үстінде ұсталды. Сот үкімімен А. Есенаман және Е.Сағатов ҚР ҚК-тің 366-бабының 2-бөлігінің 3-тармағымен (адамдар тобының алдын-ала сөз байласуымен, пара берушінің пайдасына заңсыз әрекетсіздігі үшін ақша түрінде пара алған) қылмыс жасағандары үшін кінәлі деп танылды. А. Есенаман және Е. Сағатовтың құқық қорғау органының қызметкерлері ретінде қабылдаған антын бұзғанын ескере отырып, сот екеуін де мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айыра отырып, әрқайсысына 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Одан басқа, А. Есенаманды - полиция капитаны атағынан, ал Е.Сағатовты - полиция лейтенанты атағынан айырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар