ШҚО-да полиция қызметкері бес баланы уланудан аман алып қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Республикалық «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Үлбі полиция бөлімінің қызметкерлері есепте тұрған отбасыларды тексеріп, саяжай аумақтарын аралап жүрген, деп хабарлайды Polisia.kz.
Сол кезде полиция қызметкері Әсел Тукушева бақылау мақсатында үйлердің біріне кірген. Табалдырықтан аттай салысымен ол үй ішінен улы газдың өткір иісін сезген. Бұл үйде бес баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ана тұратын: үлкені — 17 жаста, кішісі — 3 жаста.
— Қауіп минут санап күшейіп бара жатқандықтан, полиция қызметкері дереу әрекет етіп, қайғылы жағдайдың алдын алды. Оқиға орнына жедел жеткен ТЖД мамандары үй ішінде улы газдың тарағанын растады. Пеште пайда болған ақаулардан үй ішіне түтін тараған. Үйде қалу қауіпті болғандықтан ана мен бес бала Өскемендегі дағдарыс орталығына уақытша орналастырылды, — делінген хабарламада.
Бұдан бұрын Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам мерт болғанын жазған едік.