ШҚО-да сақ қорғандарын қазғандардың кінәсі әзірге дәлелденген жоқ – полиция

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті Шілікті жазығындағы көне қорғандарды заңсыз қазуға қатысты қылмыстық іске түсінік берді.

полиция
Фото: Polisia.kz

Оқиға 13 қарашада «Шағаноба» археологиялық кешені аумағында болған. «SRS» ЖШС-не тиесілі техниканы пайдаланып, бұған дейін қазылған шұңқырларды топырақпен көму жұмыстары жүргізілгені анықталды. Тиісті материалдар полицияда тіркелген.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 295-бабымен археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Алайда әзірге ұсталған азаматтардың заңсыз қазба жұмыстарына қатысы бар екенін растайтын дәлелдер жиналған жоқ. Енді тергеу органдары олардың бұл іске қатысы бар-жоғын анықтауға тиіс.

— Полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен бірлесіп, азаматтарды оқиға орнында ұстады, бірақ олардың нақты қазба жұмыстарын жүргізгені туралы бізде әзірге нақты дерек жоқ. Ал арнайы техниканың ол жерде жайдан-жай тұрмағаны, жұмыс істегені анық байқалды. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалған, — дейді ШҚО полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Орал Рыспаев.

Еске салсақ, бұған дейін ШҚО-да сақ қорғандарын заңсыз қазғандарға қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарланғанбыз.