ШҚО-да сақ қорғандарын заңсыз қазғандарға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы сақ қорғандарын заңсыз қазу фактісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
«Шағаноба» археологиялық кешені аумағында болған оқиғаға байланысты облыс әкімдігінде жиналыс өтті. Зайсан ауданы әкімдігінің мәліметінше, 13 қарашада оқиға орнына полиция қызметкерлері барған.
Археологиялық кешен аумағында «SRS» ЖШС-не тиесілі техниканы пайдаланып, бұған дейін қазылған шұңқырларды топырақпен көму жұмыстары жүргізілгені анықталды. Оқиға орнындағы азаматтардың кім екені анықталып, тиісті материалдар полицияда тіркелген.
- Сол күні тарихи-мәдени мұраны қорғау саласының мамандары, археолог, аудан әкімдігі мен полиция өкілдері аумақты тексерді. Жер қазу жұмыстарының іздері фото және видеоға түсіріліп, тиісті акт жасалған. Алайда қар жамылғысына байланысты қорғандардың қазіргі жай-күйін толық бағалап, келтірілген залалдың көлемін анықтау әзірге мүмкін болмай отыр. Қосымша зерттеу жұмыстары 2027 жылдың көктеміне жоспарланған. Қажет болған жағдайда шұғыл археологиялық-құтқару жұмыстары ұйымдастырылады, - деп хабарлады ШҚО әкімдігінен.
Археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 295-бабы 2-бөлігі 1 және 3-тармақтары негізінде қылмыстық іс қозғалған. Аталған бапта адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы, сондай-ақ арнайы техникалық құралдар мен жер қазу машиналарын пайдаланып, археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізгені үшін жауапкершілік көзделген. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске салсақ, осыған дейін Зайсан ауданындағы «Шағаноба» археологиялық кешенінің қорғандарына зақым келтірілуі мүмкін екені туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қатысты ШҚО әкімдігі жауап қатқаны хабарланған.