Зайсандағы археологиялық кешен қорғандарына зақым келді – ШҚО әкімдігі

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Зайсан ауданындағы «Шағаноба» археологиялық кешенінің қорғандарына зақым келтірілуі мүмкін екені туралы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қатысты ШҚО әкімдігі жауап қатты.

Зайсандағы археологиялық кешен қорғандарына зақым келді – ШҚО әкімдігі
Фото: ШҚО әкімдігі

Бүгін әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстандағы сақ қорғандарына зақым келгені туралы хабар тарады. Осыған орай облыс билігі ресми ақпарат таратты.

– 2026 жылғы 13 қарашада полиция қызметкерлері оқиға орнына барды. Кешен аумағында қазылған шұңқырларды «SRS» ЖШС-не тиесілі техниканың көмегімен көму жұмыстары жүргізілгені анықталды. Оқиға орнындағы азаматтардың кім екені анықталып, материалдар полицияда тіркелді. Сол күні тарихи-мәдени мұраны қорғау мамандары, археолог, әкімдік және полиция өкілдері аумақты тексерді. Жер қазу іздері фотоға және бейнеге түсіріліп, тиісті акт жасалды, – делінген хабарламада.

Облыс әкімдігінің дерегінше, қар жамылғысы қорғандардың жай-күйі мен ықтимал залал көлемін толық анықтауға мүмкіндік бермейді. 2027 жылдың көктемінде қосымша тексеру жүргізіліп, қажет болған жағдайда авариялық-құтқару археологиялық жұмыстары ұйымдастырылмақ.

– Оқиғаның мән-жайына құқықтық баға беру үшін тексеру материалдарын құқық қорғау органдарына жолдау тапсырылды. Заңбұзушылық анықталса, кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту шаралары қабылданады. Заңсыз қазба жұмыстары мен вандализмнің алдын алу үшін ескерткіштерді бақылау күшейтілуде, – делінген ақпаратта.

Археологиялық мұраны зерттеу мен сақтау жұмыстары Шілікті, Берел, Елеке сазы және Ақбауырда жинақталған тәжірибеге сүйеніп жалғаспақ. «Алтын адам», түркі қағанының бейнесі бар алтын әшекейлер мен ежелгі қоныстар өңір тарихының құнды айғақтары саналады.

– Алдағы жұмыста ескерткіштерді қорғауға, ғылыми зерттеулерді жалғастыруға, жәдігерлерді қалпына келтіріп, жұртшылыққа таныстыруға басымдық беріледі. Жалпы, облыс әкімдігі қорғандардың табиғи қалпы мен тарихи келбетін сақтай отырып, заманауи ашық аспан астындағы музей кешенін құру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Мәселе келісу сатысында тұр. Бұл бастама құнды жәдігерлерді жұртшылыққа таныстыруға, ғылыми зерттеулерге жағдай жасауға және өңірдің археологиялық мұрасын келер ұрпаққа тұтас жеткізуге бағытталған, – деп хабарлады әкімдіктен.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда орналасқан Қарағайлы қорымында сақ дәуіріне жататын жәдігерлер мен адам сүйектері табылғаны хабарланған.