ШҚО-да шетел азаматтығын жасырған 48 адам жауапқа тартылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 48 адам өзге мемлекеттің паспортын алғанын жасырғаны анықталды.
Заңға сәйкес, шетел азаматтығын алған сәттен бастап адамның Қазақстан азаматтығы тоқтатылады. Ол бұл туралы көші-қон қызметіне жазбаша хабарлап, Қазақстан Республикасының паспортын және жеке куәлігін 30 күн ішінде өз еркімен тапсыруы тиіс. Белгіленген мерзімді сақтамау заңбұзушылық болып саналады. Осындай деректердің бірі Глубокое ауданында анықталды.
– 63 жастағы жергілікті тұрғын 2023 жылдың шілде айында көршілес мемлекеттің азаматтығын алған. Алайда заңда белгіленген бір ай ішінде уәкілетті органдарға хабарласпай, ҚР құжаттарын сақтап келген. Бұл дерек тексеру барысында анықталды. Құқық бұзушының қазақстандық құжаттары тәркіленіп, азаматтықтан айыру рәсімдері жүргізілді, – деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінен.
Жыл басынан бері облыс бойынша 650-ден астам адам Қазақстан азаматтығынан шығарылған. Ал өңірдің 48 тұрғыны өзге мемлекеттің паспортын алғанын жасырып келген.
Көші-қон қызметінің мәліметінше, Қазақстан Конституциясына сәйкес, қос азаматтыққа жол берілмейді. Екі мемлекетте бірдей әлеуметтік кепілдіктерді, жәрдемақылар мен жеңілдіктерді сақтап қалуға бағытталған әрекеттер ведомствоаралық деректер базасы арқылы анықталады. Мұндай заңбұзушылықтар үшін ірі көлемде айыппұл салынуы немесе шетел азаматтарын Қазақстан аумағынан әкімшілік жолмен шығару шарасы қолданылуы мүмкін.
Еске салсақ, осыған дейін Павлодар облысында қос азаматтықтың 27 дерегі анықталғаны хабарланған.