11:25, 13 Желтоқсан 2024 | GMT +5
ШҚО-да скутер жүргізушісін қағып өлтірген ер адам 2,5 жылға түрмеге қамалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында скутер жүргізушісін қағып өлтірген ер адамға сот үкімі шықты.

ШҚО соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы осы жылдың қазан айында Алтай қаласында болған.
Панфилов көшесімен келе жатқан көлік жүргізушісі солға бұрылған кезде скутерді байқамай қалып, қағып кеткен. Соның салдарынан ауыр жарақат алған жәбірленуші ауруханада көз жұмды.
— Сот шешімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, 2 жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 5 жылға көлік басқаруға тыйым салынды, — делінген ақпаратта.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде екі баланы қағып кеткен көлік жүргізушісі 3 күннен бері табылмай жатқаны хабарланған.