12:29, 10 Сәуір 2012 | GMT +5
ШҚО-да су басу қаупі сейіле бастады - ҚР ТЖМ
ӨСКЕМЕН. 10 сәуір. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысына келген ҚР ТЖМ мен қосымша күштер өңірдегі су басу қаупінің сейіле бастауына байланысты алдағы уақытта аймақтан кетеді.

Бұл шешімді министрліктің келісімімен ҚР ТЖМ жедел штабының жетекшісі полковник Д.Т. Данаев қабылдады.
Жуырда Қатонқарағай, Зырян аудандары мен Риддер қаласының аумағында тікұшақпен бақылау жұмыстары жүргізіліп, тексерілді. Өткен тәулікте елді мекендерді су басу оқиғалары мен облыстың өзендерінде, су қоймаларында су деңгейінің ауытқушылығы тіркелген жоқ.
Ауа райы алдағы уақытта жауын-шашынсыз болады деп күтілуде. Түнде және кешке қарай тұман түседі. Күндіз ауа райының температурасы 20 градусқа дейін жылылықты, түнде - 5 градусты көрсетеді, деп хабарлады ТЖ департаменті.