ШҚО-да су тасқынына дайындық қалай жүріп жатыр

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан ел бойынша ең сулы өлке. Сондықтан мұнда су тасқыны үнемі қауіп тудырады. Kazinform тілшісі өңірдегі биылғы көктемге дайындықтың жай-жапсарына үңіліп көрді.

ШҚО-да су тасқынына дайындық қалай жүріп жатыр
Фото: Нелли Нығматуллина

Қауіп аймағы

Шығыс Қазақстан әрқашан су тасқыны қаупі жоғары аймақтардың қатарында болды. Облыстағы 109 учаскені, оның ішінде 72 елді мекенді су басуы мүмкін. «Қазгидромет» РМК мәліметінше, биылғы көктемде Зайсан, Тарбағатай, Күршім, Самар, Алтай, Ұлан және Глубокое аудандарында жоғары қауіп сақталады. Ал Катонқарағай, Үлкен Нарын, Марқакөл аудандарында және Риддер қаласында қауіп деңгейі орташа.

ШҚО-да су тасқынына дайындық қалай жүріп жатыр
Фото: Нелли Нығматуллина

— Осы жылы облыстың жазық алқаптарындағы қар жамылғысындағы су қоры көпжылдық көрсеткіштен асып түсті. Өскемен қаласындағы Жаңа Ахмер кентінде, Үлкен Нарын, Ұлан, Глубокое, Марқакөл аудандарында жердің тоңы былтырғыдан терең. Қар жамылғысының қалыңдығы 11-136 см аралығында. Таулы аймақтарда, әсіресе Риддер, Алтай және Катонқарағайда қар қоры нормадан жоғары. Өзендердегі мұз қалыңдығы 12-ден 77 см-ге дейін жетеді. Болжам бойынша осы наурыз айында әдеттегі ауа райынан 2 градус жылы болады. Жауын-шашын нормадан көп жауады деп күтіледі, — дейді «Қазгидромет» РМК Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының гидрология бөлімінің басшысы Іңкәр Асқарова.

Өзен-көлдің көптігі бақ па, сор ма?

Ресми деректер бойынша республикадағы барлық су қорының 40 пайыздан астамы Шығыс Қазақстанда шоғырланған. Мұнда 2 мыңға жуық көл, 800-ден астам өзен бар. Оның ішіндегі ең ірілері Зайсан, Марқакөл, Сібе көлдері мен Ертіс, Үлбі, Үбе, Бұқтырма, Күршім өзендері. Сондай-ақ аймақ бойынша 100-ге жуық тоған мен су қоймасы орын тепкен. Ондағы ең үлкені — Бұқтырма. Ол әлемдегі ең үлкен 10 жасанды су қоймасының қатарына кіреді.

ШҚО-да су тасқынына дайындық қалай жүріп жатыр
Фото: Нелли Нығматуллина

Осындай көл-көсір судан мезгіл-мезгіл тасқынның «айбат шегіп» тұратыны таңданарлық жайт емес. Әсіресе 2010 және 2018 жылдары жағдай қиын болды. Осыдан 15 жыл бұрын Тарбағатай ауданындағы Жәнтікей мен Көкжыра ауылдары су астында қалған. Барлығы облыс бойынша 53 елді мекенді су басып, 1068 үйге зақым келді. Оның 618-і қалпына келтіруге келмей қалды.
Ал 2018 жылы Алтай ауданында қарғын су қыр көрсетті. 414 үйді су басып, кей жерлерде су деңгейі 3 метрге дейін жетті. Бұдан бөлек, су тасқыны Шемонаиха, Глубокое, Ұлан аудандары мен Өскемен қаласының өзіне де айтарлықтай зардабын тигізген. Сол кезде 33 елді мекеннен барлығы 2,5 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді.

ШҚО-да су тасқынына дайындық қалай жүріп жатыр
Фото: Нелли Нығматуллина

Жыл сайын көктем шыққанда су тасқыны қауіп тудырады. Өзендер арнасынан асып, жолдарды шайып, аулаларды су басып жатады. Алдын алу жұмыстарының арқасында ғана 2010 және 2018 жылдардағы жағдайлардың қайталануына жол берілмей келеді.

Қомақты қаражат бөлінді

Өңірде су тасқынының алдын алу шаралары әдетте ерте жүргізіледі. Тіпті бір жылдай бұрын басталады. Мысалы, облыста 2025 жылдың көктеміне дайындық өткен жылдың жазында басталып кеткен. Осы мақсатқа рекордтық сома — 2,1 млрд теңге бөлінген. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 3 есе көп.

— Қаражат Алтай, Күршім, Марқакөл және басқа да аудандардағы 20 шақырымдай өзен арнасын тазартуға жұмсалды. Елді мекендерді су басу қаупін барынша азайту үшін жағалауды қорғау бөгеттері орнатылды. Жағалауды бекіту бойынша жүргізілген жұмыс 64 шақырымды, бөгеттерді жөндеу 36 шақырымды құрады. Глубокое ауданы Прапорщиково ауылы маңында, Марқакөлдегі Орта Теректі су қоймасында жағалауды бекіту жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, — дейді ШҚО мобилизациялық дайындық және жұмылдыруды қамтамасыз ету қызметінің басшысы Рафик Симбинов.

Сонымен қатар осы қаражатқа 3 көпір жөнделіп, 45 су өткізгіш құбыр ауыстырылып, 58 шақырым арық пен канал салынып, оның 238 шақырымы тазаланды. Осылайша, 15 елді мекенді су басу қаупі жойылды.

Жоғары дайындық режимі

Қанша жерден жіті дайындалсаң да тәуекелді толыққанды жоқ қылу мүмкін емес. Күннің күрт жылынып, қардың қас пен көздің арасында ери бастауы бәрібір қиындық тудыруы әбден мүмкін. Тіпті биыл қаңтар айының өзінде ауа райының қалыптан тыс жылы болуынан жерасты суы шығып, шұғыл шаралар қабылдау қажеттілігі туындады. Су ағызу құрылыстары, жолдар мен жол жиектері тазартылып, жағдай бақылауға алынған. Сөйтіп, 1 ақпаннан бастап Шығыс Қазақстанда су тасқынына жоғары дайындық режимі енгізілді.

ШҚО-да су тасқынына дайындық қалай жүріп жатыр
Фото: Нелли Нығматуллина

— Бізде төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі облыстық штаб жұмыс істеп тұр. Жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД бөлімшелерінің күштері мен құралдарынан арнайы топтар құрылды. Оның ішінде 2500-ден астам адам, 935 техника, 46 су көлігі және 242 мотопомпа бар. Сондай-ақ 64 мың дана ыдыс-қап, 9323 тонна инертті материал және 263 тоннадан астам жанар-жағармай дайындалды. Зардап шеккендер болған жағдайда оларды орналастыру үшін 21 мыңнан астам адам сыятын қабылдау пунктері әзір, — дейді ШҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Исхар Савазов.

ШҚО-да су тасқынына дайындық қалай жүріп жатыр
Фото: Нелли Нығматуллина

Жоғары дайындық режимі шеңберінде бірнеше шара қолға алынбақ. Соның бірі — өзен-көлдерге мониторинг жүргізу, әуеден бақылап отыру. Жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД өкілдері бұған дейін Риддер қаласы мен Марқакөл, Самар, Алтай, Зайсан, Катонқарағай, Күршім және Шемонаиха аудандарындағы су басу қаупі бар учаскелерді тікұшақпен барлап қайтқан.

ШҚО-да су тасқынына дайындық қалай жүріп жатыр
Фото: Нелли Нығматуллина

— Әрбір елді мекен үшін нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажет. Ол үшін мұз қатқан жерлерді, халықты эвакуациялау жолдарын, қажетті техника мен құрал-жабдықтар санын, жолдар мен көпірлерді қосқандағы су басу қаупі бар жерлерді анықтау керек. Барлық деңгейдегі әкімдер жағдайды нақты түсініп, тұрғындарға аулалардан қарды шығарудың маңыздылығын жеткізіп, бұл бағытта көмек көрсетуі тиіс, — деп ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қала, аудан әкімдеріне тапсырма берді.

Наурыз айына дейін облыс бойынша елді мекендерден 300 мың текше метрден астам қар шығарылған. Енді әкімдіктің әрбір ауылдағы жағдайды бақылап отыратын мүмкіндігі де бар.

Су тасқыны картасы және жасанды интеллект

Биыл өңірде арнайы су тасқыны қаупі картасы әзірленді. Онда елді мекендер, барлық өзен-бұлақ, су қоймалары және су басу қаупі жоғары учаскелер түгел көрсетілген.

— Карта интерактивті түрде жасалды. Онда нақты бір ауылды іздеп таба аласыз. Мысалы, Прапорщиково ауылында 4 үйді су басу қаупі бар екені көрінеді. Сол қауіптің алдын алу үшін не істеліп жатқанын да біле аласыз, — дейді ШҚО мобилизациялық дайындық және жұмылдыруды қамтамасыз ету қызметінің басшысы Рафик Симбинов.

ШҚО-да су тасқынына дайындық қалай жүріп жатыр
Фото: Нелли Нығматуллина

Бұдан бөлек, облыста су тасқынымен күресте алғаш рет жасанды интеллект қолданылды. Ол тәуекелдерді болжау үшін гидрометриялық станциялардан, метеорологиялық қызметтерден және мұрағаттардан алынған деректерді талдайды. Сол арқылы жасанды интеллект су тасқыны қаупінің деңгейін бағалауға және іс-қимыл алгоритмін әзірлеуге көмектеседі.

Мұз жарудың орнына жаңа әдіс

Жаңа технологиялар алдағы уақытта өзендердегі жыл сайынғы профилактикалық жарылыстарды алмастыруы мүмкін. Алдын ала дерек бойынша биылғы жарылыс жұмыстарына 307 млн теңге жұмсалып, 166 мың шаршы метр аумақ қамтылады. Облыстық резервтен 260 млн теңге бөлінген. Өңір бойынша мұз кептелуі мүмкін 19 қауіпті аумақ бар. Олар Риддер қаласына және Алтай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Катонқарағай, Күршім, Шемонаиха, Глубокое аудандарына жақын орналасқан. Соңғы аталған екі ауданда мұз жару жұмыстары басталып та кетті.

Осы ретте, ШҚО төтенше жағдайлар департаменті әкімдікке өзендерде мұз кептелуін болдырмау үшін биылғы көктемде арнайы жүк таситын дрон сатып алуды ұсынды.

— Өзендерде жарылыс жасап мұзды ұсақтату — бұрыннан қолданылып келе жатқан дәстүрлі әдіс. Алайда бұл әдіс қоршаған орта мен балықтарға кері әсер етеді, қомақты қаражатты да қажет етеді. Өткен жылы бұл шараларға 380 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Құны 32 млн теңге тұратын жүк таситын дрон әлдеқайда тиімді шешім болар еді. Ол мұз кептелісін жоюға және өзендердегі мұз жағдайын тиімді әрі қауіпсіз бақылап отыруға мүмкіндік береді, — деп хабарлады департаменттен.

Күн сайын бақылауда

Өңірде өзендер ғана емес, гидротехникалық құрылыстар да бақылауда. Барлығы Шығыс Қазақстанда 132 гидротехникалық құрылыс болса, оның 57-сі республикалық, 58-і коммуналдық меншікте, 17-сі жеке меншікте. Олардың ішіндегі ең маңыздысы Бұқтырма және Өскемен су қоймалары.

— Гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне күн сайын бақылау жүргізеді. Бөгеттерге, жағалауларға және су төгетін арналарға, әсіресе қауіпті аймақтарда орналасқандарына назар аударылады, — деп мәлім етті ШҚО ТЖД-дан.

ШҚО-да су тасқынына дайындық қалай жүріп жатыр
Фото: Нелли Нығматуллина

Әзірге облыста тұрақты гидрологиялық жағдай сақталып отыр. Бірақ қар қарқынды еріп немесе жауын-шашын мол жауып кетсе су қоймалары мен бөгеттерге артылар жүк ауыр. Барлық төтенше жағдай қызметі ықтимал оқиғаларға дайын.

— Ертіс өзеніндегі СЭС каскадында қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді. Біздің таулы өңірде су тасқыны бірнеше кезеңге созылады. Бірінші толқынды ұстап тұрмыз, қазір су қоймаларында бос сыйымдылық жасау процесі жүріп жатыр. 1 сәуірге дейін Бұқтырма су қоймасына шамамен 13 текше шақырым суды жіберуді жоспарлап отырмыз. Жалпы көлемі — 49,6 текше шақырым, — дейді Ертіс бассейндік инспекциясының басшысы Медет Жәдігерұлы.

ШҚО-да су тасқынына дайындық қалай жүріп жатыр
Фото: Нелли Нығматуллина

Апатты жағдайдағы су қоймалары

Облыста апатты жағдайда тұрған су қоймалары жоқ емес. Оның екеуі «Қазводхоз» РМК Шығыс Қазақстан облыстық филиалының балансында.

— Барлығы 6 су қоймасы біздің балансымызда, олар: Үйдене, Қандысу, Ұлан өзеніндегі Алебастр, Шар, Егінсу және Қаракөл. Одан бөлек, 27 су электр станциялары мен су тарту құрылыстары, 84 магистральды канал бар. Қазіргі уақытта барлық су қоймалары транзиттік режимде. Үйдене және Қандысу су қоймалары апатты жағдайда. Оларға мүлде су толтырмаймыз. Үйденеде жөндеу жұмыстары басталып кеткенімен жобадағы олқылықтардың түзетіліп жатқанына байланысты тоқтап тұр. Ал Қандысуды қалпына келтіру үшін 108 млн теңгелік жоба әзірлену үстінде, — деп хабарлады филиалдан.

Ал Марқакөлде апатты жағдайдағы Орта Теректі су қоймасы 2024 жылдың мамыр айында жергілікті атқарушы органның балансына берілген. Осы жылдың 8 қаңтарында онда объектілік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Десе де дәл қазір қандай да бір қауіп төніп тұрған жоқ.

— Төтенше жағдай алдын ала ойластырылып барып жарияланды. Күрделі жөндеу жүргізбесе Марқакөл ауылының бес көшесінде орналасқан 134 үйді су басу қаупі бар. Былтыр жергілікті қаражат қорынан 4,8 млн теңге бөлініп, су қоймасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл ағымдағы жөндеуді жалғастыру үшін облыс әкімдігінің резервінен 11 млн теңге қосымша қаражат бөлуді қарауға ұсыну үшін құжаттар дайындалды. Сондай-ақ «Орта Теректі су қоймасын қайтадан жаңғырту» жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, жобалық-сметалық құжаттама берілді. Бұл жобаның құны — 53,6 млн теңге, — деді Марқакөл ауыл округінің әкімі Қуат Қизатов.

Түйін

Жоғарыда айтқандай, көктемгі су тасқыны кезеңінде қауіпті түбегейлі сейілтіп тастау мүмкін емес. Себебі түрлі тәуекел бар. Бірақ Шығыс Қазақтанда биыл жан-жақты дайындық жасалып, инженерлік қорғаныс күшейтіліп, адамдар мен құралдар сақадай сай әзірленіп, заманауи технологиялар да енгізілді. Десек те қабылданған шаралардың қаншалықты нәтижелі болатынын ерке қыздың мінезіндей құбылмалы көктем көрсетпек.

Еске салсақ, бұған дейін Үкімет басшысының су тасқынына қатысты республикалық штаб отырысын өткізгені хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар