ШҚО-да субсидия алған шаруа қожалықтар мал басын сақтау талаптарын орындамаған

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында бірқатар фермер мемлекеттік қолдау шарттарын бұзғаны үшін алған субсидияларын бюджетке қайтаруға міндеттелмек.

мал шаруашылығы, субсидия
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Тексеру барысында бюджет қаражаты есебінен сатып алынған малдың сақталмағаны белгілі болды. Атап айтқанда, кейбір жағдайларда малға тиісті күтім жасалмаған, ал жекелеген деректерде белгіленген мерзім аяқталмай тұрып-ақ малдың етке өткізілгені анықталған.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған жиында айтылды.

Кеңес барысында өңірде 17 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылғаны хабарланды. Олардың қатарында жеті тауарлы-сүт фермасы мен он бордақылау алаңы бар.

— Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің міндеттемелерді сақтауына ерекше назар аударылған. Субсидия есебінен сатып алынған мал басы кемінде екі жыл бойы сақталып, қатаң түрде мақсатқа сәйкес пайдаланылуы тиіс. Мал басына бақылау қатаң әрі жүйелі болуы қажет, — деп хабарлады облыс әкімдігінен.

Талаптарды түсіндіру мақсатында ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары облыстың барлық аудандарын аралап шықты. Жергілікті жерде фермерлерге субсидиялау шарттарын бұзғаны үшін жауапкершілік бар екені ескертіліп, малдың негізсіз жоғалу фактілері расталған жағдайда, бөлінген қаражат бюджетке қайтарылатыны хабарланды.

Еске салсақ, осыған дейін Атырауда қоғамдық көліктерді субсидиялауға шамамен 11 млрд теңге керектігі хабарланған.

Соңғы жаңалықтар